Біз, педагогтер, оқушыларымызды әлеуметтік желілердің теріс әсерінен қорғау, олардың саналы әрі қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасау үшін бірге жауаптымыз. Бұл – біздің ортақ мақсатымыз. Мен сіздердің бала тәрбиесіндегі еңбектеріңіздің жемісті болатынына сенемін.Біздің жауапкершілігіміз – балалардың мектеп оқу үлгеріміндегі, сыныптастарымен қарым-қатынасындағы немесе буллинг белгілеріндегі өзгерістерді байқап отыру. Осы аспектілерге немқұрайлы қарау ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Кейде біздің байқамаған бір оқиға, болашақта түзетуі қиын немесе түзетуге мүмкін емес мәселелер тізбегінің бастауы болуы мүмкін. Мысалы, Алматы қаласында педагогтың мұқият назары арқасында бір бала құтқарылды. Педагог уақытында баланың көңіл-күйіндегі өзгерістерді байқап, мектеп басшылығына және одан әрі полиция қызметкерлеріне ескерткен. Уақытында қабылданған шаралардың нәтижесінде полиция қызметкерлері баланың өмірін сақтап қалды. Бүгінгі кездесу – тек ақпарат алмасу ғана емес, сіздердің ой-пікірлеріңізді тыңдап, маңызды мәселелерді бірлесе талқылап, шешім қабылдау алаңы..